Тоқаев Жапонияны Орталық Азия елдеріне визалық режимді жеңілдетуге шақырды

Қазақстан және Жапония тулары.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияны Орталық Азия елдеріне визалық режимді жеңілдетуге шақырды

“Жапониялық туристер үшін Орта Азияның бірыңғай туристік маршрутын әзірлеген жөн деп есептеймін. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің халқына визалық рәсімдерді жеңілдеткен дұрыс. Бұл жапондық туристердің бір сапарда бірнеше елді аралап шығуына мүмкіндік береді. Ал біздің азаматтарымыз Күншығыс елімен етене таныса алады” деді Қасым-Жомарт Тоқаев 20 желтоқсан күнгі "Орталық Азия – Жапония" саммиті кезінде.

Қазіргі кезде Жапонияға барғысы келетін Қазақстан және Орталық Азияның төрт мемлекетінің азаматтары жалпы тәртіппен виза алуы керек. Дегенмен виза алу үшін жарна төлеудің қажеті жоқ.

Ал Жапония азаматтары Қазақстанға визасыз бара алады.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, алдағы көктемде Air Astana Алматы мен Токио арасында тұрақты рейс ашуды жоспарлап отыр. Бұған дейін Астанадан Токиоға ұшатын рейс пандемия кезінде жабылып, қайта қалпына келмеген.