Фильм сюжеті құда болғалы жатқан екі отбасының алғаш рет танысып, дастарқан басында ру сұрасқанынан әрі қарай өрбиді. Әуелі қызын кедей отбасына бергісі келмеген ауқатты жанұя құдасының руын білген соң пікірін өзгерте бастайды. Ресми трейлерде фильм барысында бірнеше рудың аты, олар туралы күнделікті тұрмыста айтылатын көзқарастар сөз болады.
"ШИЕЛЕНІС БОЛМАУ ҮШІН..."
Бастапқыда Tiger Films студиясы фильм белгісіз себептерге байланысты прокаттан алынады деп қысқа хабарлама таратқан. Бірақ кейін екіұдай пікірдің арты «қоғамдық шиеленіске ұласпасын» деп осындай шешімге келдік деп түсіндірді:
«Біз фильмді ең ізгі, оң ниетпен түсірдік. Басты мақсатымыз — Қазақстан халқын бірлік пен татулыққа үндеу. Сатира мен юмор тілі арқылы руларға бөліну, бір руды екіншісінен жоғары қоюға ұмтылу – қате түсінік екенін көрсеткіміз келді. Біздің тарапымыздан заң бұзушылық болған жоқ. Алайда фильмге қатысты екіұшты пікірлер туындап, оны талқылау барысында қоғамдық шиеленістің болмауы үшін, біз фильмді Қазақстандағы барлық кинотеатрлардың репертуарынан өз еркімізбен алып тастау туралы шешім қабылдадық» деді Tiger Films өкілі Бибіжамал Бекенова әлеуметтік желідегі видеосында.
Компания өкілі студия жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстанатынын әрі шығармашылықтағы негізгі тақырыптың бірі – Қазақстан халқының бірлігі екенін айтты.
«НӘЗІК ТАҚЫРЫП»
Фильм прокаттан алынатыны хабарланып жатқанда, яғни 17 желтоқсанда мәжілістегі «Аманат» партиясы фракциясының депутаты Ерлан Саиров қоғамда белең алған «рушылдық» мәселесін көтеріп, премьер-министрдің атына сауал жолдаған. Ол жастар арасында кино мен медиаконтенттің тәрбиелік мәні зор екенін ескертіп, жікке бөліну мемлекет үшін де «қауіпті құбылыс» деген.
– Әлеуметтік желіде жастарға «рушылдық» психологиясын таңатын контент шектен шығып кетті. Бұл ұлттың бірлігін іштен құртатын қауіпті тенденция киноға да жетті... Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Ол ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып, әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау түбі жақсылыққа әкелмейді. Шығармашылық бостандық қажет, бірақ шығармашылық бостандық мына алай-дүлей заманда ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықауға тиіс, – деді Саиров мәжілістегі сөзінде.
Депутат Саиров мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан арнайы комиссия құрып, прокатқа шығатын фильмдерге мазмұндық, көркемдік-эстетикалық, идеологиялық тұрғыдан сараптама жасау қажет деді.
«БҰЛ ҰЛТТЫ БӨЛШЕКТЕУГЕ АЛЫП КЕЛЕДІ»
«Руың кім?» фильмінің сценарисі Нұржан Еркінұлы «бұл сөзді депутаттың аузына салып берген сияқты» дейді.
– Ол материалмен таныс емес, тек естіген нәрсесін ғана айтып отырғандай. Соған қарағанда шұғыл бір нұсқау берілгендей көрінді, – деді Нұржан Еркінұлы Азаттыққа.
Оның айтуынша, атына қарап бірден прокат куәлігін тартып алуға болмайды. – Бұл – зерттеп, филологиялық талдау жасап барып шешім қабылданатын нәрсе. Біз қай жерде заң бұздық, соны көрсетсін дегенбіз. Бірақ олай болмады.
Депутат Саиров фильмді әлеуметтік желіден түгел көріп шықтым дейді.
– Әлеуметтік желіде бір жылдың ішінде жастар, соның ішінде өнер адамдары арасында руға бөліну сәнге айналып бара жатыр. Аймақтарда көп боламын, аймақтардың өзінде әртүрлі топтардың өз батырларын дәріптеуі немесе өз руларының адамдарына көше, ауыл аттарын беруге тырысу мәселелері өте жиі кездеседі. Бұл ұлтты бөлшектеуге алып келеді, – деді депутат Азаттыққа.
Оның айтуынша, қазақ халқын «18-19 ғасырларда бөлек руларға бөліп қана жеңе алған».
– Сондықтан руға бөлу мәселесін қайтадан мәдени деңгейге шығармауымыз керек. Бүгінгі күрделі заманда барлығымыздың бір-ақ ұлтымыз, бір-ақ руымыз бар. Ол – қазақ. Болды, – деді Саиров.
«КӨРЕРМЕН ТАҢДАУ МҮМКІНДІГІНЕН АЙЫРЫЛДЫ»
Нұржан Еркінұлы бұл жағдайды цензура деп бағалайды. Сөзінше, бұл сын – өзге шығармашылық адамдарына көрсетілген сес.
– Мені қынжылтатыны – елде цензураның басталуы. Бізге дейін «Ауру» фильмін кесіп-кесіп тастады. Одан кейін бұл – [цензураға ұшыраған] екінші фильм. Бұл – жаңа басталып жатқан нәрсе. Ертең Қазақстанда кинодағы цензура қай кезде басталды дегенде біз осы уақытты айтамыз, датаны есте сақтап қалуымыз керек, – деді ол.
Оның айтуынша, бұдан ең алдымен қарапайым көрермен ұтылады:
– Ең бастысы – киномен айналысатын шығармашылық адамдары бостандығын жоғалтуы былай тұрсын, көрермен таңдау мүмкіндігінен айырылды. Енді көрерменге «Мына киноны көресің, ал мынаны көрмейсің. Мына фильмдегі мына көріністі сен көрмейсің, бізде комиссия бар, оны біз шешеміз» дейді. Киногерлер көп емес, көрермен көп, бұл – көрерменнің таңдауын шектеу. Біз сценариімізді басқаларға да сата аламыз, басқа елдермен жұмыс істей аламыз. Мәселе онда емес, мәселе – бұрандаларды бұрап жатқанында.
Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, фильмді прокатқа жіберу жөнінде шешім қабылдайтын мемлекеттік комиссияның болуы – қалыпты жағдай:
– Ешқандай цензура жоқ. Дүниежүзінде, соның ішінде Америка Құрама Штаттары мен Еуропада шығармашылықты мемлекеттік реттеудің әдіс-тәсілдері бар, – дейді ол.
«ЖАЛАЙЫР» «АРҒЫНҒА» НЕГЕ АУЫСТЫ?
Азаттық фильмдегі мына бір маңызды детальді байқады. Фильмнің ресми трейлерінде басты рөлдегі құдалардың бірінің руы Жалайыр екені айтылады. Алайда ресми прокатқа шыққан кейінгі нұсқасында Жалайыр деген ру аты тегіс Арғынға ауыстырылған. Әуелгі нұсқаның дубляж арқылы өзгергені кадрдан да байқалады. Сценарист Нұржан Еркінұлының айтуынша, «әуелі басқа ру аты жазылғаны рас, оны көрген адамдар да түсінеді, барлық сюжет желісі соған құрылған еді» деп жауап берді. Сценарий авторы күнделікті айтылып жүрген әңгімені сатира тіліне салып, оның дұрыс емесін жеткізгім келді дейді. Ал кім, неге өзгертіп тастағанына жауап бере алмайтынын айтты.
Басты рөлдегі құданың руы Жалайырдан Арғынға неге ауысқанын сұрап Tiger Films компаниясының бас продюсері Ерлан Бұқарбаевтан да хабарлама жолдады. Материал жарияланға дейін жауап келген жоқ.
Бұл фильмнің кинотеатрлардан алынуына тіке қатысы бар ма, әлде жай ғана сәйкестік пе, белгісіз, дегенмен ашық ақпарат көздерінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың руы Жалайыр екені айтылады.
Азаттық фильмнің прокаттан алынуына осындай себеп болған жоқ па деп бастама авторы – Ерлан Саировтан да сұрады. «Жоқ, ондай болған жоқ» деді Ерлан Саиров.